SpaceLab – Digital Bridge 2025 форумындағы Industry 4.0 Pitch Battle технологиялық байқауының жеңімпазы

2025 ж. 6 қаз., дс, 06:00

 2025 жылғы 2 қазанда Astana Hub алаңында өткен халықаралық Digital Bridge 2025 форумының аясында ұйымдастырылған Industry 4.0 Pitch Battle технологиялық байқауында SpaceLab компаниясы үздік деп танылды.

Қазылар алқасы компания ұсынған Valve Sensor құрылғысының жоғары инновациялық деңгейін, технологиялық жетілуін және өндірістік маңыздылығын атап өтті.

Valve Sensor – өндірістік нысандардағы клапандардың жағдайын бақылауға арналған жаңа буындағы интеллектуалды датчик.
Құрылғы клапанның ашық немесе жабық күйін анықтап, деректерді нақты уақыт режимінде серверге жібереді. Сенсор магнитометр, акселерометр және гироскоп көмегімен клапанның қалпын мен орта ағынын дәл тіркей алады.
Ең бастысы – құрылғыны орнату үшін құбыр жүйесін өзгертудің қажеті жоқ. Plug-and-play қағидасы бойынша оңай орнатылады әрі пайдалануға ыңғайлы.

SpaceLab әзірлеген бұл шешім мұнай-газ саласындағы басты мәселелердің бірі — клапандардың толық жабылмауынан туындайтын ағып кетулердің алдын алуға бағытталған. Мұндай жағдайлар шикізаттың ысырабына, экологиялық қауіптерге және қызметкерлердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Valve Sensor технологиясын қолдану өндірістік қауіпсіздікті арттыруға, шығындарды азайтуға және экологиялық әрі техникалық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 SpaceLab командасының айтуынша, Industry 4.0 Pitch Battle байқауындағы жеңіс – компанияның Қазақстан мен өңірде Индустрия 4.0 технологияларын дамытуға қосқан үлесінің маңызды мойындалуы.

Компания жобалары Astana Hub технопаркі мен «Қазкосмос» ұлттық ғарыш агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл SpaceLab шешімдерінің ұлттық инновациялар экожүйесіндегі және ғарыштық әрі өнеркәсіптік технологияларды дамытудағы стратегиялық маңызын айқындайды.

Алдағы кезеңде SpaceLab Valve Sensor технологиясын экстремалды жағдайларда — соның ішінде ғарыш станцияларында және Ай бетінде қолдануға бейімдеуді жоспарлап отыр.

SpaceLab — спутниктік IoT-терминалдар, өндірістік сенсорлар және 3D-принтерлерді әзірлеуге маманданған қазақстандық компания.
Компания F6S рейтингі бойынша АҚШ-тың үздік үш ғарыштық жабдық өндірушісінің қатарына кіреді және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) халықаралық акселерациялық бағдарламаларының қатысушысы болып табылады.

 

 


585