Digital Bridge 2025: AIU мен «ҰАТ» АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2025 ж. 5 қаз., жс, 07:45

Жасанды интеллект технологияларын дамыту мақсатында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) мен Astana International University (AIU) өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, тараптар қазақстандық цифрлық кеңістікте жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану бағытында белсенді өзара іс-қимыл жасайтын болады.  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ атынан меморандумға басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Айдарбекұлы Оразалимов, ал Astana International University атынан университетінен
П
резидент Серік Азтаевич Ирсалиев қол қойды.

Алғашқы кезеңде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ AIU-дың бес студентін кәсіби тәжірибеден өткізуге қабылдайды. Тәжірибе барысында студенттер жасанды интеллект саласында білімін жетілдіріп, практикалық дағдыларын дамыта алады. Болашақта үздік нәтиже көрсеткен түлектер компанияға жұмысқа қабылданып, Қазақстанның цифрлық технологияларын дамытуға өз үлестерін қосуға мүмкіндік алады.

 

Меморандум аясында тараптар келесі бағыттар бойынша жұмыс істеуді жоспарлауда:

• AIU студенттерінің «ҰАТ» базасында кәсіби тәжірибеден өтуін ұйымдастыру;

• болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру мақсатында дуалды оқыту мен тағылымдама жүйелерін енгізу;

• бірлескен семинарлар, конференциялар және жобалар арқылы тәжірибе мен білім алмасу;

• бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-жүйелерді әзірлеу саласында әріптестік орнату;

• білім беру және ғылыми бастамаларды жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыс топтары мен комиссиялар құру.

Меморандумға қол қою — студенттер үшін Қазақстанның жетекші мемлекеттік IT-компаниясында тәжірибе жинақтап, практикалық білім алу мүмкіндігі. Бұл олардың теориялық білімін бекітіп, менторлық қолдау алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие нақты цифрлық шешімдер әзірлеуге жол ашады.

Университетпен ынтымақтастық жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық сервистер саласында өзекті құзыреттерге ие жас мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл бастама ұлттық IT-экожүйені және цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың талаптарына сай келеді.

Аталған бастама «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік стратегиясын іске асыруға үлес қосып, елдің болашақ технологияларын дамытудағы позициясын нығайтады.


980