Астана халықаралық университетінің делегациясы София университетінің ғылыми конференциясына қатысты

2025 ж. 13 қаз., дс, 06:09

2025 жылғы 6–8 қазан аралығында Астана халықаралық университетінің (AIU) президенті Серік Ирсалиев бастаған делегация Болгарияның Әулие Климент Охридски атындағы София университетіне ресми сапармен барды.

AIU делегациясы сапар барысында София университетінің базасында өткен «East – West: Synergy of Scientific Knowledge» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – Шығыс пен Батыс елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ өңірдің жетекші университеттерінің зерттеу әлеуетін біріктіру болды.

Форумның ашылу салтанатында Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық отырыстарға Қазақстан, Болгария, Өзбекстан, Үндістан, Түрікменстан, Жапония және Ұлыбританияның академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Сапар барысында Астана халықаралық университеті мен София университеті арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Кездесу нәтижесінде «Environmental Management» (Қоршаған ортаны басқару) бағыты бойынша екі дипломды магистрлік бағдарлама жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бағдарлама биологиялық ғылымдар мен орнықты даму салаларын қамтиды. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Бағдарлама аясында студенттер екі семестрді  София университетінде, ал келесі екі семестрді -  Астана халықаралық университетінде оқиды.
Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге Болгария және Қазақстан жоғары оқу орындарының қос дипломы табысталады.

Сонымен қатар  «Туризм менеджменті» бағыты бойынша екі дипломды бағдарламаны ашу мүмкіндігін және оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту мәселелерін талқыланды.Бұл конференция Шығыс пен Батыс университеттері арасындағы халықаралық диалогты дамытуға, Қазақстан мен Болгария арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға және орнықты даму мен экологиялық менеджмент саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге зор мүмкіндік берді.

 


674