AIU студенттері Қытайдағы Халықаралық жазғы мектепті қорытындылады



























Астанада алғаш өткен Халықаралық AIU–2026 жазғы мектебі аяқталса да, ауқымды жоба әлі жалғасып келеді. Қазіргі уақытта Астана Халықаралық университеті(AIU) мен Пекиндегі Халықаралық бизнес және экономика университетінің (UIBE) «Халықаралық бизнес» қосдипломды білім беру бағдарламасының студенттері өздерінің жазғы демалысын Қытайда өткізуде. Аталған университеттердің басшылықтары ұйымдастырған жазғы мектеп бастамасы екі ел арасындағы білім беруді дамытуға және білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Бүгінгі күні бұл стратегиялық жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық бизнес және экономика институтының бірлескен қызметінің бір бөлігіне айналды.
Биыл 19-29 шілде аралығында Астана Халықаралық университетінің қосдипломды білім беру бағдарламасының 28 студенті мен екі оқытушысынан құралған делегация Қазақстан-Қытай халықаралық бизнес және экономика институтының IV Халықаралық жазғы мектебіне қатысты. Бұл шара Пекиндегі Халықаралық бизнес және экономика университетінің білім беру бағдарламасы мен Ляньюньган қаласындағы Цзянсу мұхит университетінің Жаңа Еуразиялық құрлықтық көпірдің халықаралық таланттар алмасу бағдарламасын біріктірген. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған жазғы мектеп жобасы әлемнің оннан астам елінің студенттері мен жас мамандарының басын қосып, экономиканы, халықаралық ынтымақтастықты, қытай мәдениетін зерттеу және мәдениетаралық диалогты дамыту сынды бастамаларды насихаттауда.
Бағдарламаның бірінші кезеңі Пекиндегі Халықаралық бизнес және экономика университетінің базасында өтті. Студенттер Ұлы Қытай қорғаны мен Император сарайына барып, Қытай елінің тарихи-мәдени мұраларымен танысты. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасының заманауи дамуы жайлы арнайы дәрісті тыңдады. Бағдарлама қатысушыларға Қытайдың халықаралық экономикадағы рөлін түсінуге және еуразиялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін саралауға мүмкіндік берді.
Ал 22-29 шілде аралығында жазғы мектеп жұмысы Ляньюньган қаласында, Жаңа Еуразиялық құрлықтық көпірдің халықаралық таланттар алмасу бағдарламасы аясында Цзянсу мұхит университетінің базасында жалғасты. Бағдарламаның білім беру бөлігіне «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен мәдени мұраны дамыту мақсатында «Батысқа сапар» классикалық қытай романына арналған дәрістер енді. Сондай-ақ Ляньюньганның халықаралық логистикадағы орнына, өңірдің тарихы мен мәдениетіне қатысты танымдық сабақтар өтті. Бұдан бөлек, Қытайдың заманауи экономикалық дамуымен танысуға ерекше назар аударылды. Бағдарлама аясында студенттер ШЫҰ логистикалық паркіне, Қазақстан-Қытай халықаралық логистикалық базасына және екі ел арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын Ляньюньган портына барды. Сонымен қатар, бағдарлама аясында JD Logistics зияткерлік логистикалық паркіне, Yanghe Distillery кәсіпорнына және Дунхай уезінің кристалды индустриалдық паркіне сапарлар ұйымдастырылды. Осылайша, терең мазмұнға толы мәдени-танымдық бағдарлама жазғы мектептің ажырамас бөлігіне айналды. Студенттер қытай тілі бойынша практикалық сабақтарға, қытай тілін жылдам меңгеру жарысына қатысып, дәстүрлі шеберлік сыныптарынан өтті, Қытайдың мәдени нысандарымен танысты және ұлттық спорттық сайыстарында өз күштерін сынады. Нәтижесінде, көпұлтты ортадағы командалық жарыстар студенттердің бірлігін бекемдеп, жастардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Бағдарламаның соңғы кезеңінде қатысушылардың командалық жобалары таныстырылып, ресми жабылу салтанаты мен халықаралық жастар фестивалі өтті. Бұл шарада қатысушылар бірге жасаған жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Дәстүр бойынша Халықаралық жазғы мектепті сәтті аяқтаған әр қатысушыға арнайы сертификаттар ұсынылды. Сонымен қатар, Астана Халықаралық университетінің делегация мүшелері Қазақстанның ұлттық мәдениетін лайықты түрде таныстырып, мәдениетаралық диалог пен достықты нығайтуға өз үлестерін қосты. Қосдипломды бағдарлама студенттері үшін жазғы мектепке қатысу халықаралық экономика, логистика және қытай мәдениеті саласындағы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналды. Сонымен қатар, ауқымды бастама Астана Халықаралық университеті мен Пекиндегі Халықаралық бизнес және экономика университетінің серіктестігін дамытып, халықаралық дәрежедегі білімді және халықтар достығын арттыруға үлкен үлесін қосты.
Бөлісу:
Фотогалерея











