Еске алу кешені – бейбітшілік үшін күрес















13 қыркүйекте Астана халықаралық университетінің делегациясы ректор А.Б. Мырзағалиеваның басшылығымен кәріс халқы үшін ең маңызды еске алу кешенінің бірі – Оңтүстік Кореяның Чхунчхон-Намдо провинциясы Чхонан қаласындағы Тәуелсіздік сарайына барды.
Тәуелсіздік сарайы – жай ғана мұражай емес. Бұл өз тілі мен төл мәдениетін, болмысын сақтап қалған халықтың тарихы. Сонымен қатар түрлі қиындықтарды басынан өткізген ұлттың бостандық жолындағы күресі.
1910 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін Корея Республикасы жапон отарында болды. Бұл уақыт ел тарихындағы қайғылы кезеңдердің бірі. Кейін 1980 жылдары Кореяның Тәуелсіздік сарайы бой көтерді. Оның салтанатты ашылуы елдің Азаттық күніне тұспа-тұс келіп, 1987 жылы 15 тамызда тойланды.
Тәуелсіздік сарайы Астана халықаралық университеті делегациясы үшін ел тарихын ғана емес, бостандықтың құндылығы мен кәріс халқының қайсарлығын көрсетті. Сонымен қатар әр ұрпақтың бабалар алдындағы өз борышы бар екенін еске салды. Тарих ұлттың жадында сақталғанда ғана өміршеңдігін жалғастырады. Мемлекет елі үшін күрескен батырларын құрметтеу арқылы іргетасын нығайта түседі. Сондықтан өткеннің тағылымын жас ұрпаққа аманаттау – әр ұлттың парызы.
Ғимарат маңына әдемі гүлдер мен ағаштар егіліп, сарай аумағы толықтай жасыл желекке оранған. Бұл кәріс халқының ауыр күресінің нәтижесі – бейбітшілік екенін сипаттайды. Яғни қайғы-қасіреттен кейін де өмір қайта жалғасатынын білдіреді. Мұнда келген қонақтар әр қадамын аттаған сайын «мугунхва» – гибискус гүлін кездестіруі жайдан жай емес. Бұл гүл – кәріс ұлтының қайсарлығы мен рухани сенімінің символы. Сондай-ақ делегация мүшелеріне Ұлт монументі, Ұлт мұнарасы, «Еңсесі биік кәрістер» мүсіні, қола дәуірінің алып тастарынан жасалған дольмен мен кесене макеттері де ерекше әсер қалдырды.
Астана халықаралық университеті делегациясы Корея Тәуелсіздік сарайының Құрылтай кеңесінің мүшесі Ким Хён Шик мырзаға үлкен құрметі мен қызықты экскурсиясы үшін ерекше риза. Өйткені кәріс халқының ұлттық болмысы мен ана тілін, халық аңыздары мен мәдениетін бойына сіңірген көне жәдігерлермен танысу ұмытылмас әсер сыйлады.
Университет ұжымы іссапардағы бағыт-бағдары мен аударма саласындағы кәсібилігі үшін профессор Юджин Лиге алғысын білдіреді. Бұл күн делегация мүшелерінің жадында Корея Республикасының тарихымен қатар тәуелсіздіктің қадірін еске салған күн ретінде сақталды. Бейбітшілік – бабалардың қайсарлығымен келген баға жетпес байлық. Ал оны дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – кез келген ұлттың басты борышы.
Бөлісу:
Фотогалерея







