Қазақстан мен Финляндия арасындағы академиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2025 ж. 2 мау., дс, 07:50

2025 жылғы 2 маусымда Финляндияның Kajaani қолданбалы ғылымдар университетінің (KAMK) өкілдері Astana International University (AIU) университетіне ресми сапармен келді. Кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, білім беру мен ғылыми-зерттеу бағыттарында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Кездесу барысында тараптар ақпараттық технологиялар, бизнес және экономика, туризм мен экология салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу, академиялық ұтқырлықты дамыту, тағылымдамалар мен жобалық оқыту форматтарын енгізу – басты назарда болды.

AIU халықаралықтандыру, әлемдік рейтингтерге қатысу және Еуропа, Азия мен АҚШ университеттерімен әріптестік орнату саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Өз кезегінде, фин тарапы тәжірибеге бағытталған жобаларды – бірлескен модульдер, пәнаралық шеберлік сабақтары және онлайн-бағдарламаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Kajaani қолданбалы ғылымдар университеті (KAMK) – Финляндияның орталығында орналасқан халықаралық деңгейдегі қолданбалы жоғары оқу орны. 1992 жылы құрылған университет аймақтық және ұлттық деңгейде инновацияларға бағытталған білім беру үлгісімен танымал. Бүгінде KAMK-де шамамен 3300 студент білім алады, ал түлектерінің саны 5500-ден асады.

KAMK келесі білім беру бағдарламаларын ұсынады:

  • Фин тілінде – 10 бакалавриат бағдарламасы, ағылшын тілінде – 4 бакалавриат бағдарламасы;

  • Фин тілінде – 7 магистратура бағдарламасы, ағылшын тілінде – 2 магистратура бағдарламасы.

KAMK Финляндияда оқыту мен академиялық қолдаудың сапасы бойынша бірнеше жыл қатарынан үздік атанып келеді. FINEEC – Финляндияның Білім беру сапасын бағалау орталығы университетке 2027 жылдың көктеміне дейін жарамды сапа белгісін берген.

Университеттің KAMK’30 стратегиясы білім беру қызметтерін ұсынатын қауіпсіз, тартымды және денсаулыққа қолайлы орта қалыптастыру, қоғам сұранысына сай нәтижеге бағытталған оқыту жүйесін қамтамасыз ету және таңдаулы академиялық салаларда ұлттық әрі халықаралық серіктеске айналу мақсатын көздейді.

Кездесу соңында тараптар келесі бағыттарды қамтитын өзара түсіністік туралы меморандумды дайындауға уағдаласты:

  • Бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру;

  • Студенттер, оқытушылар мен зерттеушілер алмасуы;

  • Бірлескен ғылыми және тәжірибелік іс-шаралар өткізу;

  • Оқу-әдістемелік материалдар мен ғылыми жарияланымдармен алмасу;

  • Кәсіби даму және біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру.

AIU мен KAMK өкілдері бұл серіктестік – білім, тәжірибе және инновациялық көзқарастармен алмасу арқылы екі елдің де жас мамандарын сапалы даярлауға үлес қосатын нақты қадам болады деген сенім білдірді.


156