Астана халықаралық университеттің қауымдастырылған
профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Альмир Анияров Астана
қаласындағы №56 Шәкәрім атындағы мектеп-лицейінде өткен Математика апталығы
аясында «Ғылыми зерттеу мен математикалық модельдеу: мектептен ғылымға алғашқы
қадам» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәріс барысында оқушыларға мектептегі математикалық
білімдердің ғылыми зерттеулерге қалай ұласатыны, жас зерттеушінің жолы неден
басталатыны, математикалық модельдеудің қазіргі ғылым мен технологиядағы рөлі
жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар механикалық жүйелерді модельдеу,
есептерді шешу және дифференциалдық теңдеулерді талдау секілді нақты ғылыми
жобалардан алынған мысалдар оқушылардың айрықша қызығушылығын тудырды.
Кездесу жылы да мазмұнды атмосферада өтіп, оқушылар
белсенділік танытып, STEM бағытындағы білімге қызығушылықтарын көрсетті.
Бұл дәріс - профессордың мектеп пен университет арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, жас буынды ғылымға бағыттауға бағытталған жұмысының бір бөлігі. №56 мектеп-лицейі Астана халықаралық университетінің базалық мектебі ретінде ғылыми-әдістемелік зерттеулер мен инновациялық білім беру тәсілдерін сынақтан өткізу алаңы болып табылады


