«Kulanshy» арт-кеңістігі айдың суретшісі ретінде AIU оқытушысы Сержан Башировты таңдады

2025 ж. 8 жел., дс, 03:54

«Kulanshy Forte» арт-кеңістігінде айдың суретшісі ретінде Астана Халықаралық Университетінің Өнер және дизайн жоғары мектебінің оқытушысы Сержан Баширов таңдалды. Оның бірегей көрмесі елорда мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды.

Сержан Баширов - суретші, зергер және декоративті-қолданбалы өнер шебері. Ол көшпелі өркениеттің байлығын және көпқабатты мәнін ашатын сирек жәдігерлер коллекциясын жинаған. Экспозицияға қойылған заттар көшпелі мәдениеттің тәжірибелік, утилитарлық және терең символикалық мәндерді шебер үйлестіргенін айқын көрсетеді.

Көрмеге енгізілген антикварлық бұйымдар - материалдық мәдениеттің құнды үлгілері. Олар қазақ ұлттың бірегейлігін, оның бастауын және тарихи дамуын түсінуге маңызды құрал болып табылады. Әрбір белгі, ою және пішін ата-бабаларымыздың дүниетанымын бейнелеп, сакралды мағынаға ие болғанын көрермен осы экспонаттар арқылы сезіне алады.

Бейбітшілік және келісім сарайында ұсынылған көрме ұлттық мұраны сақтау мен зерттеуге зор үлес қосты. Ол қазақ мәдениетінің әлемдік контекстегі маңыздылығын айқындап, жастардың өз тамырын тануға деген қызығушылығын арттырады.

Астана Халықаралық Университетінің ұжымы тарихты сақтап қана қоймай, жаңа буын зерттеушілері мен суретшілеріне шабыт беретін шебердің қатарымызда жұмыс істейтініне мақтанады.

Оқытушы Тлекбай Л.Т.


259