2025 жылғы 2–5 желтоқсан аралығында 6В11101 «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері - Аманбай Ж.Е., Жанабай Ж.А., Есимбаев Т.Т., Төлегенова М.И. топ кураторы, э.ғ.к., жоғары экономика мектебінің асс. профессоры Ерниязов Р.А.-мен бірге Мәскеу қаласында өткен «Студенттік туризм–2025» халықаралық форумына қатысты.
Форум Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде (РУДН) ашылып, оған серіктес жоғары оқу орындарының ұйымдастыру комитеті басшылары, «Студенттік туризм елшілері» арнайы жобасының үздік өкілдері, 230 университеттің студенттік туристік клубтарының көшбасшылары, шетелдік студенттер мен қонақтар, сондай-ақ федералдық және өңірлік билік өкілдері, жетекші университеттердің ректорлары және 18–35 жас аралығындағы жас мамандар қатысты.
Солтүстік-Кавказ федералдық университеті Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан студенттерінен құралған шетелдік делегацияның «Студтуризм. Бесжылдық» атты халықаралық форум-фестивалге қатысуын қамтамасыз етті. Іс-шара келесі күні Мәскеу мемлекеттік университетінің «Воробьевы горы» инновациялық ғылыми-технологиялық орталығында жалғасты.
Үш күн бойы қатысушылар ғылыми-танымдық туризм (ҒТТ) тақырыбындағы пікірталастарға белсенді қатысып, сала көшбасшыларымен тәжірибе алмасты, ғылыми жобаларын таныстырды және аймақтардағы ҒТТ-ны дамыту тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар, студенттер жаңа туристік бағыттарды ұсынды, ішкі және халықаралық студенттік туризмнің дамуын талқылады.
Қатысушылар бір-бірінің тәжірибесімен танысып, топтық жұмыс дағдыларын жетілдірді. Форумның басты оқиғасы үздік қатысушылар мен серіктес университеттерді марапаттау рәсімі болды. Форум
идеялар мен жаңалықтарға толы студенттік туризм фестивалімен аяқталды.



