AIU ғалымы халықаралық медиация мәселелерін талқылау үшін Алматыға іссапармен барды

2025 ж. 12 жел., жм, 05:23

2025 жылғы 3-5 желтоқсан күндері Астана халықаралық университетінің ғалымы, заң ғылымдарының кандидаты, «AP26100031 – Қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу және ядролық қарусыздандыру құралы ретінде халықаралық медиациялық хаб: Қазақстан мен шетел елдерінің тәжірибесі» ғылыми жобасының зерттеушісі Асылхан Иржанов қызметтік іссапармен Алматы қаласында болды.

Сапар барысында ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне барып, факультет деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлан Ахатовпен, сондай-ақ оқытушылар мен студенттермен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық медиацияның қазіргі даму үрдістерін, қақтығыстардың алдын алу мен оларды бейбіт жолмен шешудегі маңызын талқылады. Әр елде қолданылып жүрген медиациялық механизмдердің тәжірибесі салыстырылып, Қазақстан заңнамасын жетілдіру, халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері назарға алынды.

Сапар қорытындысы бойынша екі тарап та ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Бұл іссапар медиация саласындағы кәсіби байланыстарды нығайтудың және бейбіт жолмен дауларды шешу бағытындағы ғылыми өзара әрекеттестікті кеңейтудің маңызды қадамы ретінде бағаланды.

 

 


136