ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТЕР – ТДМ КОНТЕКСІНДЕГІ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ТҮЛЕКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ: COURSERA ЖӘНЕ HUAWEI ПЛАТФОРМАЛАРЫН ЭКОНОМИКА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ИНТЕГРАЦИЯЛАУ

2026 ж. 22 қаң., бс, 10:13

Жоғары білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясы және әмбебап әрі кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға қойылатын талаптардың артуы жағдайында халықаралық онлайн-білім беру платформаларын оқу үдерісіне интеграциялау ерекше маңызға ие болуда. Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі — студенттерге жетекші университеттер мен халықаралық білім беру орталықтарының заманауи курстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін Coursera платформасы.

2025–2026 оқу жылының 1 семестрінде экономика жоғары мектебінде «Менеджмент», «Халықаралық бизнес», «Маркетинг» және «Туризм» бакалавриат білім беру бағдарламаларына Coursera онлайн-курстарын енгізу тәжірибесі жалғасын тапты. Курстарды таңдау білім беру бағдарламаларының бейіні, кәсіби құзыреттерді қалыптастыру логикасы және еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асырылды. 6B04117 «Менеджмент» білім беру бағдарламасы аясында Teamwork Skills: Communicating Effectively in Groups және Introduction to Generative AI in Human Resources курстары енгізілді. Бұл курстар командалық жұмыс, тұлғааралық коммуникация және кәсіби ортада тиімді өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға бағытталған.
6B04122 «Халықаралық бизнес» білім беру бағдарламасы үшін халықаралық сауда үдерістерін, жаһандық нарықтардың жұмыс істеу ерекшеліктерін, трансұлттық бизнестің сипатын және халықаралық экономикалық ортаның компаниялар қызметіне ықпалын жүйелі түрде түсінуге бағытталған Fundamentals of International Business курсы таңдалды.
6B04111 «Маркетинг» білім беру бағдарламасы аясында Fundamentals of Marketing Strategy курсы жүзеге асырылды. Курстың мазмұны маркетингтік басқарудың стратегиялық тәсілдерін меңгеруге, тұтынушылық мінез-құлықты талдауға, нарықтық позициялауды қалыптастыруға және бәсекелік стратегияларды әзірлеуге бағытталған.
6B11101 «Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша «Эмоциялық интеллект арқылы шабыттандырушы көшбасшылық» және Effective Communication for Project Stakeholders and Teams курстары енгізілді. Бұл курстар эмоционалдық интеллектті, көшбасшылық қасиеттерді және персоналды басқару дағдыларын дамытуға бағытталған, бұл туризм және сервис саласындағы тиімділіктің негізгі факторларының бірі болып табылады.
2025–2026 оқу жылының 1 семестрінде Coursera платформасы арқылы сертификат алған ЭЖМ студенттерінің саны 120 білім алушыны құрады. Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылының 1 семестрінде HUAWEI платформасында «Overview of AI» курсы бойынша оқу бағдарламасы табысты жүзеге асырылды. «Халықаралық бизнес», «Менеджмент», «Маркетинг», «Қаржы», «Экономика» және «Туризм» бағыттары бойынша бакалавриат білім алушылары онлайн-оқудан өтіп, жасанды интеллект саласындағы базалық құзыреттерді растайтын халықаралық сертификаттарға ие болды. Бағдарламаға 1 курс бойынша 200 білім алушы қатысып, барлық академиялық топтарда 100% қамту қамтамасыз етілді.

Экономика жоғары мектебінің цифрлық білім беру контентінің кураторы Усипбеков А.А. атап өткендей, HUAWEI платформасындағы «Overview of AI» курсын іске асыру болашақ мамандардың өзекті цифрлық дағдыларын қалыптастырып, жасанды интеллекттің экономика, бизнес және басқару салаларындағы рөлін түсінуге мүмкіндік береді. Coursera және HUAWEI халықаралық білім беру платформаларының онлайн-курстарын экономика жоғары мектебінің білім беру бағдарламаларына енгізу Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда ТДМ 4 — Сапалы білім, ТДМ 8 — Лайықты жұмыс және экономикалық өсу, ТДМ 9 — Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым мақсаттарына қол жеткізуге тікелей ықпал етеді, өйткені жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бойынша заманауи курстарды халықаралық платформалармен серіктестікте енгізу білім беру ортасының инновациялық әлеуетін дамытуға және университеттің цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


131