AIU студенттері Италияның ең үздік арт-директорымен жүздесті

2026 ж. 27 ақп., жм, 12:15

Заманауи өнер — бұл мәдениеттің тірі материясы, тарих пен жаңашылдық, жеке толғаныс пен ұжымдық естелік астасып жатқан уақыт тынысы. Ол тек шеберлікті ғана емес, сонымен бірге қабылдау нәзіктігін, эмпатияны, ішкі бостандықты және көзқарастардың сан алуандығына деген құрметті талап етеді. Өнер — мағыналар туындап, болашақ қалыптасатын диалог кеңістігі.

2026 жылғы 27 ақпанда AIU қабырғасында шын мәніндегі маңызды оқиға орын алды: болашақ дизайнер-студенттер Istituto Europeo di Design (IED) арт-директоры Джованни Оттонелломен кездесті. 1966 жылы Италияда негізі қаланған бұл халықаралық университет дизайн, сән, визуалды өнер, коммуникация және менеджмент саласындағы білім берудің көшбасшысы болып табылады. Ол еуропалық көркемдік мектептің дәстүрлері мен қазіргі заманның инновациялық тәсілдерін ұштастырады.

«Randomness doesn’t exist! Broaden the perspective to see the big picture» атты шабыттандыратын тақырыптағы қонақ дәрісі Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенттері үшін нағыз интеллектуалдық және шығармашылық жаңалық болды. Өнерде кездейсоқтық жоқ екендігі, ал әрбір элемент үлкен идеяның бөлшегі екендігі туралы ой тыңдаушылардың жүрегінен орын тапты.

Ыстық ықылас, аудиторияның терең қызығушылығы мен көптеген мазмұнды сұрақтар креативті, ойлы және өз кәсібіне адал жандар арасындағы шынайы диалогтың айғағы болды.

Кездесудің ерекше сәті — профессордың университет мұражайымен танысуы. Мұражайды ӨГҒЖМ деканы Ыбырай Саят Баймұратұлы таныстырды. Кілемдердің, тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдардың бай коллекциясы қонаққа қазақ халқының көпғасырлық тарихы мен өзіндік мәдениетін — ою-өрнек, форма және материал дала философиясын, ұрпақтар жадын және эстетикалық үйлесімділікті паш ететін мәдениетті ашып көрсетті.

Профессор Оттонелло AIU студенттерінің ашықтығын, эрудициясын және пәнаралық ойлау қабілетін жоғары бағалап, олардың идеяларының тереңдігі мен мамандыққа деген шынайы қызығушылығын атап өтті. Бұл кездесу жай ғана дәріс емес, дәстүр мен заманауилық, ұлттық мұра мен жаһандық көркемдік контекст тоғысқан маңызды мәдени оқиғаға айналды.

Мұндай оқиғалар өнердің шекара білмейтініне деген сенімді нығайтады, ал шығармашылық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жаңа идеялардың тууына және әлемдік дизайн ойының болашағын қалыптастыруға негіз болады.


92