Астана Халықаралық университетінде CFive және Hudson Institute-тың бірлескен сараптамалық пікірталасы өтті





















Бүгін Астана Халықаралық университеті жанындағы CFive Intellectual Platform мен Hudson Institute сараптамалық орталығы бірлесіп, «Қазақстан және жаңа еуразиялық ландшафт: стратегиялық серіктестіктер, өзара байланыс және экономикалық мүмкіндіктер» тақырыбында сараптамалық пікірталас өткізді.
Бұл жиын Hudson Institute-тың Орталық Азиядағы алғашқы іс-шарасы болып, дипломатиялық корпус өкілдерін, бұрынғы елшілер мен аға дипломаттарды, халықаралық сарапшыларды, ұлттық компаниялар, академиктер мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосты.
Пікірталастың модераторы – CFive төрағасы Искандер Акылбаев болды. Жиын барысында сарапшылар Еуразияның жаңа геосаяси келбетін жан-жақты талдап, өзекті ойларымен бөлісті:
Hudson Institute-тың аға ғылыми қызметкері Кен Мориясу Қазақстанды аймақтағы негізгі «swing states» (шешуші мемлекеттердің) бірі ретінде бағалап, АҚШ пен Қытай арасындағы жаһандық бәсекелестікте Орталық Азияның стратегиялық салмағы артып келе жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде Орта дәліздің келешегіне, құрлықтағы сауда-энергетикалық жолдарға және аймақтық ықпалдастықтағы Ауғанстан мен Түркіменстанның рөліне басымдық берді.
Отандық дипломат, бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елші Болат Сарсенбаев геосаяси текетірестер кезеңінде болып жатқан өзгерістерді ең алдымен Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ұлттық мүдделері турғысынан бағалау керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, ол баламалы транспорттық бағыттардың маңызын және еліміздің халықаралық келіссөздер жүргізудегі сенімді тәжірибесін ерекше атап өтті.
Ал Женева дипломатия мектебінің сарапшысы Муиз Вахабдин Қазақстанның басты артықшылығы тек табиғи байлығы пен географиялық орны емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы беделі екенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл сенім елімізді түрлі мемлекеттер алдында экономиканы жалғайтын көпірге айналдырды. Осылайша, Қазақстан транзиттік торап қана емес, ірі инвестициялық, интеллектуалдық, дипломатиялық орталық ретінде танылып келеді.
Бұдан бөлек, энергетика саласының сарапшысы, Energy Analytics бас директоры Абзал Нарымбетов жаһандық қайта құрулардың энергетикалық қырын ашып көрсетті. Ол әлемдік экономикада дәстүрлі энергоресурстардың маңызы әлі де жоғары екенін ескертіп, логистикалық тұрғыда мұнай-газды құрлық арқылы тасымалдау бағыттарының стратегиялық мәні арта түсетінін меңзеді.
Ашық пікірталас барысында қатысушылар Орта дәліздің болашағын, тасымал бағыты ретінде Ауғанстан мен Пәкістанды, Түркіменстанның өсіп келе жатқан энергетикалық рөлін, шетелдік инвестициялардың маңызын және Қазақстанның көпқырлы сыртқы саясатын одан әрі дамытудың келешегін талқылады.
Кездесудің басты түйіндерінің бірі – Қазақстан әлемдегі ең ірі державалар арасында өз орнын анықтап қана қоймай, «өзіндік стратегиялық құндылығын» қалыптастыруы қажет деген тұжырым болды. Бұл тұрғыда Қазақстан көлік бағыттарын, энергетикалық ағындарды, инвестицияларды, нарықтарды және халықаралық диалогты біріктіретін «connector state» (байланыстырушы мемлекет) ретіндегі өзінің рөлін нығайту үстінде.
Алдағы уақытта CFive Intellectual Platform халықаралық сараптамалық ынтымақтастықты дамытуды және өңірлік әрі жаһандық күн тәртібіндегі түйткілді мәселелер бойынша мазмұнды диалог алаңдарын құруды одан әрі жалғастырады.
Бөлісу:
Фотогалерея









