AIU мен Хангук шет тілдер университеті бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асырады















14 қыркүйекте Астана халықаралық университетінің делегациясы ректор Анар Мырзағалиеваның басшылығымен Хангук шет тілдер университетіндегі Орталық Азия зерттеулері институтының директоры, қазақ тілі мен мәдениетінің зерттеушісі профессор Сон Ён Хунмен кездесті. Ең қызығы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сон Ён Хун мырзаға II дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Астана халықаралық университеті ұжымы ғалымды марапатымен құттықтайды және қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді.
Сапар барысында AIU өкілдері Хангук шет тілдер университетінің заманауи инфрақұрылымы және білім беру әдістерімен танысты. Сондай-ақ жасыл желекке оранған оқу орнының аумағы мен зерттеулерге бай кітапханасы делегация мүшелерін ерекше таңдандырды. Университет әлемнің үздік 600 жоғары оқу орнының қатарына кіреді әрі «Заманауи тілдер» бағыты бойынша 46-шы орында тұр. Бұдан бөлек, өнер және гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар мен менеджмент салаларында да жоғары нәтижелерге ие.
Хангук шет тілдер университетінде өзге тілдермен қатар, қазақ тілі де оқытылады. Сапар барысында AIU делегациясы профессор Дулат Хангерейұлы Бақышев өткізген қазақ тілі сабағына қатысып, шетелдік студенттердің білімін тексерді. Олар бірінші, екінші курста оқитынына қарамастан, қазақша түсінеді және сенімді сөйлейді. Астана халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиева шетелдік студенттермен қазақ тілінде сөйлесіп, еліміз бен мәдениетіміз жайлы әңгіме өрбітті.
Қызықты сапарды ұйымдастыруға профессор Ким Сон Чоль мен Ким Дже Мин үлкен үлестерін қосты. Олардың қонақжайлығының арқасында кездесу жоғары деңгейде өтіп, делегация мүшелері кәріс халқының ұлттық құндылықтарымен жақын танысты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар қазақ және кәріс тілдерін бірге дамыту, академиялық, ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе алмасу сынды бастамаларды талқылады. Болашақта бұл серіктестік Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы академиялық байланыстарды нығайтып, ауқымды жобалардың алды болатынына сеніміміз мол.
Бөлісу:
Фотогалерея







