Қазақстан мен Қытай өкілдері инвестицияларды құқықтық қорғау және трансшекаралық дауларды шешу мәселесін талқылады

































24 қарашада Астана халықаралық университетінде «Инвестицияларды құқықтық қорғау және трансшекаралық дауларды шешу: Қазақстан мен Қытай тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында AIU ректоры Анар Мырзағалиева, Солтүстік-Батыс саяси ғылымдар және құқық университеті Халықаралық құқық мектебінің деканы Чжан Чаохань және Сиань төрелік комиссиясы төрағасының орынбасары Сюй Вэньсинь құттықтау сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелге Қазақстан мен Қытайдың ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар және төрелік институттар өкілдері мен AIU-дың халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Қайрат Абдрахманов қатысып, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанара Джигитекова модераторлық етті.
Жиынның басты мақсаты – халықаралық коммерциялық дауларды шешудің заманауи тәсілдерін, Қытай халықаралық коммерциялық сотының тәжірибесін және халықаралық дауларда мемлекеттік мүддені қорғау мәселесін қарастыру. Сонымен қатар трансшекаралық инвестицияларды қорғаудағы төреліктің рөлі және Қытай мен Орталық Азия елдерінің заң қызметтері саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу аясында AIU-дың Құқық жоғары мектебі мен Солтүстік-Батыс саяси ғылымдар және құқық университетінің Халықаралық құқық мектебі қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру мүмкіндігін қарастырды. Сондай-ақ халықаралық инвестициялық құқық саласындағы гранттық жобаларға бірге қатысу мүмкіндіктері сөз болды.
Бөлісу:
Фотогалерея












