Стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңі: AIU мен Цинхуа университеті ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде
























2026 жыл, маусымның 3 күні Астана Халықаралық университетіне (AIU) Цинхуа университетінің (ҚХР) делегациясы ресми сапармен келді. Университеттер арасындағы бұрыннан келе жатқан ресми ынтымақтастық меморандумы шеңберінде Азия-Еуропа жаңа құрлықтық-теңіз көлік дәлізі бірлескен ғылыми-зерттеу институты (ҚТК ДҒЗИ) табысты жұмыс атқарып келеді. Негізгі логситика ғылыми-зерттеу бағыты бойынша үш жылдық серіктестік ішінде бейінді монографиялар, соның ішінде «Орта дәліз Қазақстан Республикасы мен ҚХР мүдделерінің назарында» атты еңбек жарық көрді. Қазақстан мен Қытайдың мүдделі тараптары арасында академиялық білім мен ынтымақтастық тәжірибесінің үздіксіз алмасуы жоспарға қойылды. Қытайлық серіктестерден 21 ғылыми зерттеу жұмысы алынса, бүгінгі таңда ҚТК ДҒЗИ мемлекеттік талдау орталықтарын, даму институттарын және бизнес-қоғамдастықты біріктіретін бірегей пәнаралық алаңға айналып отыр.
Бұл кездесу аталмыш жұмыс аясын сапалы түрде кеңейтуге, оны жаңа бастамалармен толықтыруға және ауқымды білім беру, ғылыми-технологиялық жобаларды практика жүзінде іске асыруға мүмкіндік берді.
Келіссөзге толы кездесуді Қазақстан тарапынан AIU Президенті С.А. Ирсалиев бастап барса, сонымен қатар AIU ректоры А.Б. Мырзағалиева, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Қ.А. Әбдірахманов, BLCU филиалының директоры Д. Дауен, халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Д. Сапарова, Қытай-Қазақстан экономика және сауда мектебінің деканы Т. Ақниязов және ҚТК ДҒЗИ директоры Н. Ирсалиев қатысты.
Келіссөздердің басты оқиғасы ретінде бірлескен жасанды интеллект зертханасын құру мәселесін талқылау болды. Бұл ауқымды жобаны «alem.ai» халықаралық ЖИ орталығының базасында өркендету жоспарлануда. Жаңа зертханада қазақстан және қытай зерттеушілері энергетика, логистика және мемлекеттік басқару салаларына арналған қолданбалы технологиялық шешімдерді бірлесе әзірлейді деп күтілуде. Сондай-ақ, ЖИ саласындағы мамандарды даярлау бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын, технологиялар саласындағы Master of Business Administration (Tech MBA) және т.б. бағдарламаларды іске қосуға өзара дайын екенін білдірді.
AIU Президенті Астана қаласында Қазақстан-Қытай техникалық университетін құру бастамасын көтерді, оны табысты түрде іске қосу үшін Цинхуа университетінің сараптамалық және академиялық қолдауы керек.
Өз кезегінде Цинхуа университеті Кеңесінің Вице-канцлері Ян Бинь бастаған ҚХР делегациясы терең интеграцияға дайын екендігін растады. Қытай тарапы қазақстандық оқытушылардың тағылымдамадан өтуі үшін өздерінің білім беру платформаларын ұсынуға және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуге ниет білдірді. Келіссөздерге Цинхуа тарапынан халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы кеңсенің директоры Мэн Бо, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу департаментінің директоры Сяо Цянь, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы кеңсенің аға жетекшісі Лю Цинлин, сондай-ақ Азия университеттері альянсы Хатшылығының БАҚ-пен байланыс және жобалар жөніндегі басшысы Цай Сяодань қатысты.
Тараптар AIU оқытушылары мен ғалымдарының Цинхуа университетінде тағылымдамадан өту бағдарламасын практикалық жүзеге асыруға кірісуге келісті. Сондай-ақ, талқыланған бастамалар бірлескен зертханалар құруға, жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы институционалдық серіктестікті нығайтуға берік негіз қалады деген ортақ пікірге келді.
Қонақтар университеттің Шығыс мұражайын да тамашалады. Онда біздің заманымыздың VII ғасырынан бастап-ақ Қытай мен Қазақстанның Жетісу өңірі арасында сауда-экономикалық байланыстардың болғанын айғақтайтын бірегей тарихи жәдігерлер, соның ішінде Тан әулеті дәуірінің монеталары ұсынылған.
Бөлісу:
Фотогалерея










