Астана халықаралық университетінде «Пәнге бағдарланған инклюзивті білім беру» тақырыбында Open Space іс-шарасы өтті












2026 жылғы 26 қарашада Астана халықаралық университетінде білім беру жүйесіне инклюзивті тәжірибелерді енгізудің өзекті мәселелеріне арналған «Пәнге бағдарланған инклюзивті білім беру» тақырыбында Open Space – ашық кеңістік форматындағы іс-шара өтті. Іс-шараның ерекшелігі «Инклюзивті білім беру», «Инклюзивті білім беру ортасы», «Инклюзивті білім беру және тұрақты даму» пәндерін меңгеріп жүрген студенттердің теориялық білімі мен практикалық тәжірибесінің ұштасуы болды. Пән оқытушысы – Шаяхметова А.А.
Іс-шара болашақ педагогтердің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге кәсіби даярлығын қалыптастыруға, қолжетімді білім беру ортасын құру бойынша практикалық құзыреттерін дамытуға және әрбір білім алушыға оның жеке ерекшеліктеріне қарамастан тең мүмкіндік ұсынуға бағытталды.
Студенттер жалпы білім беретін мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың түрлі нысандары мен әдістерін ұсынды. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері болды.
Бағдарлама аясында «Тыныштықтың түсі қандай?» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің тәжірибесінен бейнематериалдар көрсетіліп, интерактивті тренингтер өтті. Қатысушылар пәнге бағдарланған инклюзивті тәжірибелермен, университеттің кедергісіз білім беру ортасымен және оқытудың әмбебап дизайнын қолдану мүмкіндіктерімен танысты.
Сонымен қатар флипчарттарда ұжымдық жұмыс жүргізіліп, инклюзивті білім беруді іске асырудың артықшылықтары мен қиындықтары талқыланды. Қатысушылар пәнге бағдарланған инклюзивті білім беруді жетілдіру бойынша практикалық жобаларын әзірлеп, кәсіби рефлексия жасады.
Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар, ал топ кураторларына алғыс хаттар табысталды.
Бөлісу:
Фотогалерея






