Бүгін Астана Халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар
жоғары мектебінде Қазақ көшпелі өркениеті модулі аясында тарих ғылымдарының
кандидаты, профессор Ұлан Үмітқалиевтің Сақ кезеңінің өркениеті: археологиялық
талдау атты мазмұны терең дәрісі өткізілді.
Шара барысында тыңдаушылар сақ дәуіріне қатысты жаңа ғылыми зерттеулермен,
археологиялық деректерді талдаудың қазіргі әдістемелерімен танысты. Профессор
өз дәрісінде сақ қоғамының әлеуметтік құрылымына, материалдық мәдениетіне,
мифологиялық дүниетанымына және Еуразия кеңістігіндегі ықпалына тоқталып, соңғы
жылдардағы археологиялық жаңалықтарды кеңінен қамтыды.
Дәріске Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің Дизайн бағыты
бойынша оқытушылары мен студенттері қатысып, өркениет тарихына қатысты өзекті
мәселелер төңірегінде пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Дәріс барысында ғалым сақ қоғамының әлеуметтік
құрылымы, жерлеу дәстүрлері, бұйымдар стилі мен символикасы, сондай-ақ Еуразия
даласындағы көшпелі мәдениеттердің өзара ықпалдастығы туралы тың ғылыми
пайымдарын ортаға салды. Ұлан Үмітқалиұлы археология саласындағы соңғы
зерттеулерге сүйене отырып, көшпелілер өркениеті ұғымының ғылыми негізін нақты
деректермен дәлелдеп, бүгінгі отандық археологияның жетістіктері мен өзекті
бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Ғалым атап өткендей, қазіргі таңда Қазақстан
өңірлерінен табылған 8 «Алтын адам» кешені - сақ дәуірі мәдениетінің
жоғары көркемдік деңгейі мен күрделі идеологиялық жүйесінің айқын дәлелі болып
табылады.
Сонымен қатар, қазақ даласында шамамен 20 мыңға
жуық ерте темір дәуіріне жататын қорғандар мен қоныстардың әлі толық
зерттелмегені, бұл бағыттың болашақ жас археологтар үшін маңызды ғылыми алаң
екені ерекше аталды. Дәрісте ұсынылған әрбір слайд материалдары археологиялық деректерге,
радиокөміртекті талдауларға, петрографиялық зерттеулерге және салыстырмалы
мәдени талдауларға негізделген нақты ғылыми фактілермен толықтырылған. Бұл тың
ақпараттар студенттер мен магистранттардың ғылыми көзқарасын кеңейтіп,
зерттеушілік бағыттағы ынтасын арттыра түсті.



