AIU-да Қазақстан мен Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні дамыту перспективалары талқыланды









2 қарашада Астана халықаралық университеті жанындағы CFive зияткерлік платформасы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы стратегиялық мүмкіндіктеріне арналған сараптамалық диалог өткізді.
Іс-шараға жасанды интеллект, инновациялар және технологиялық даму саласындағы сарапшы Зия Заман қатысты. Ол бұған дейін Microsoft компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі корпоративтік бизнесті дамыту, стратегия және венчурлік бағыттар бойынша бас менеджері қызметін атқарған.
Кездесу CFive платформасының «State Matters: Қазақстанның жасанды интеллект, есептеу инфрақұрылымы және энергетика салаларындағы стратегиялық таңдауы» атты сараптамалық диалог аясында ұйымдастырылды. Талқылау Chatham House қағидатына сәйкес өтіп, қатысушыларға еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Жиында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшыға айналу мүмкіндіктері қарастырылды. Сарапшылар елдің энергетикалық ресурстары, географиялық орналасуы және есептеу инфрақұрылымын дамыту әлеуетіне тоқталды. Сондай-ақ осы артықшылықтарды ұзақ мерзімді экономикалық құндылыққа айналдыру үшін қажетті шаралар талқыланды.
Кездесу қорытындысында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы болашағы инвестиция тарту мен есептеу инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмейтіні айтылды. Бұл бағыттағы табыс ұлттық технологиялық экожүйені қалыптастыруға, ішкі сұранысты арттыруға және адами капиталға жүйелі түрде инвестиция салуға байланысты.
CFive зияткерлік платформасы алдағы уақытта да Қазақстанның стратегиялық дамуы, технологиялық трансформациясы және Орталық Азияның экономикалық тұрақтылығы мәселесі бойынша сараптамалық жиындарды жалғастырады.
Бөлісу:
Фотогалерея




