AIU-да Қазақстан экономикасының өзгерістерге бейімделу мүмкіндігі талқыланды

































6 қарашада Астана халықаралық университетінің Экономика жоғары мектебі «Экономикалық бейімделу: институттар, құралдар, өлшеу және кәсіпкерліктің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара барысында логистикалық бағыттардың өзгеруі, цифрлық трансформацияның қарқынды дамуы және нарықтағы жағдайға байланысты Қазақстан экономикасының өзгерістерге бейімделу мүмкіндігі талқыланды.
Қатысушылар ұлттық экономиканың нарыққа бейімделуі мен оны бағалау әдістемесіне тоқталды. Сонымен қатар мәдениет, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыру мәселелері сөз болды.
Дөңгелек үстелде көлік-логистика кешені мен Орта дәлізді дамыту, туризм, жасанды интеллект, шағын және орта кәсіпкерлік, білім беру қызметтері және ипотекалық кредиттеу салаларының өзгерістерге бейімделуі қарастырылды.
Жиында Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Қайыржан Әбдіхалықов, AIU Жоғары экономика мектебінің профессорлары М.З. Кажыкен мен С.Ж. Галиев және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры К. Богдаухан баяндама жасады. Сондай-ақ AIU магистранттары ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін таныстырды.
Дөңгелек үстел ғалымдар, оқытушылар, жас зерттеушілер, бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдерінің кәсіби пікір алмасуына және экономиканы дамытуға қатысты ұсыныстарды өзара талқылауға мүмкіндік берді.
Бөлісу:
Фотогалерея













