Жаңалықтар

...
Астана халықаралық университетінде «Білім берудегі жасанды интеллект» біліктілікті арттыру курсы басталды
2025 ж. 13 қаң., дс, 08:32

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру және Тұрақты даму мақсаты «Сапалы білім» аясында Astana International University-де 2025 жылғы 8 қаңтардан бастап профессорлық-оқытушылық құрамға арналған «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары басталды.

Курстар білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын қолдануды үйретуге бағытталған және 18 қаңтарға дейін жалғасады. Оқыту көлемі 80 академиялық сағатты қамтиды.

Сонымен қатар, бірқатар пәндердің оқу жоспарларына жасанды интеллект бойынша арнайы модуль енгізілді. Бұл модуль білім алушылар мен оқытушылардың цифрлық трансформация жағдайындағы құзыреттіліктерін дамытуға маңызды қадам болмақ.

Курстардың бірінші легінде 70 оқытушы білім алуда. Бұл шара университеттің білім беру ортасына инновацияларды енгізуге және педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді.

Курсты Педагогикалық институттың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Дәмекова Сәуле Қайроллақызы басқарады. Практикалық сабақтарды «Информатика» білім беру бағдарламасының оқытушылары өткізеді, олар жасанды интеллектті қолдану саласындағы білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуде.

Оқытушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім сапасын арттыру үшін қалай пайдалану керектігін үйренеді. Оқытылған технологиялар мен құралдар жасанды интеллекттің жұмыс істеу принциптері мен оның білім беру қызметіндегі әлеуетін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Курсқа қатысушылар білім беру процесіне жасанды интеллектті тиімді түрде интеграциялауға мүмкіндік беретін жаңа білім мен дағдыларға ие болады. Бұл оқыту әдістерін жаңғыртуға және цифрлық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді.

Барлық қатысушыларға оқуда сәттілік тілейміз және алынған білімдерін практикалық қызметте жүзеге асыруды күтеміз!

...
AIU студенттері "Superstar Fest"-ті бағындырды
2025 ж. 13 қаң., дс, 07:56

2024 жылғы 14 желтоқсанда Астана қаласында өткен «Superstar Fest» халықаралық байқауы музыка мен шығармашылықтың нағыз мерекесіне айналды. Астана Халықаралық Университетінің 6В01401 «Музыкалық білім беру» мамандығының студенттері, оқытушы Базарова Аягөз Өмертаеваның шәкірттері, өз шеберліктерін, музыкаға деген сүйіспеншіліктерін көрсетіп, қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен жүлделі орындарға ие болды.

2-курс студенті Мирзахметова Аида фортепиано номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін, 3-курс студенті Ермекова Айым да фортепиано номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін иеленді.

Байқау бағдарламасы мазмұнды және алуан түрлі болды: қазіргі заманғы өңдеуде қазақстандық композиторлардың пьесалары орындалды. Студенттер тек техникасымен ғана емес, сонымен қатар сезімге толы орындауларымен көрермендерді тәнті етті, әр нотада жан жылуын жеткізе білді.

Бұл байқау студенттердің өміріндегі маңызды кезеңге айналып, өз жетістіктерін көрсетуге және құнды сыйлықтарға ие болуға мүмкіндік берді. Қазылар алқасы, педагогтар және қонақтар қатысушылардың бағдарламасын жоғары бағалады.

Бұл байқау сол күнгі залда болғандардың барлығының есінде үйлесім мен жылулыққа толы сиқырлы сәт ретінде сақталады.

...
DEMO DAY «AIU BUSINESS INNOVATION» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК
2025 ж. 6 қаң., дс, 11:32

2024 жылғы 28 желтоқсанда Экономика жоғары мектебінде "AIU BUSINESS INNOVATION" инкубациялық бағдарламасының 4-ші Demo Day іс-шарасы өтті. Бұл шара бизнес-инкубатор ұйымдастырған. Бағдарламаға 20 стартап қатысса да, финалға тек 12 жоба өтті. Қатысушылар бір ай бойы бизнес-идеяларды құру, кәсіпкерлік негіздері, қаржылық модельдер, бизнес-жоспар құру және питчинг жүргізу бойынша білім алды.

Demo Day барысында финалистер өз жобаларын сарапшыларға ұсынды, олардың арасында "НАРИ QazInnovations" АҚ, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Астана бизнес қауымдастығының өкілдері болды. Жобалар түрлі салаларды қамтыды: пайдалы безглютенді тағамдар өндірісінен бастап мобильді қосымшалар жасауға дейін.

Іс-шара аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар сертификаттар алды, олар өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 20 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыру байқауына өтініш бере алады. Бұл – жаңа кәсіпкерлер үшін өз идеяларын іске асыруға тамаша мүмкіндік.

Инкубациялық бағдарламаның түлектеріне сәттілік тілейміз!

...
AIU студенті халықаралық фортепиано байқауларының лауреаты атанды
2024 ж. 30 жел., дс, 10:23

6В01401 «Музыкалық білім» мамандығының 2-курс студенті Кумарбекова Жанайым халықаралық деңгейде тамаша жетістіктерге қол жеткізді! Ол «Фортепиано» номинациясы бойынша бірден екі ірі байқаудың II дәрежелі лауреаты атанды: 2024 жылғы 28 желтоқсанда Астана қаласында өткен «Музыкалық маусым: Қыс – 2024» халықаралық музыкалық өнер байқауы мен «Christmas Music Fest» Рождестволық фестивалі.

Бұл жетістіктер Жанайымның табанды еңбегінің және оның жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Макашова М.С.-ның кәсібилігінің арқасында мүмкін болды. Студенттің орындаушылық шеберлігін дамытуда «Музыкалық аспаптарда ойнау негіздері (фортепиано)» пәні бойынша сабақтардың маңызы зор болды.

Жанайымды лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз және шығармашылық табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!

 

...
Өсімдіктер әлемінің қыр-сыры: AIU-дың биолог-студенттері арасында топтық сайыс өтті
2024 ж. 30 жел., дс, 09:38

2024-2025 оқу жылының 25 желтоқсан күні «Өсімдіктер әлемінің қыр-сыры» тақырыбында Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің аға оқытушысы, б.ғ.к Ауезова Н.С 1-курс Биология 24А оқу тобы студенттері арасында топтық сайыс ұйымдастырды.

Студенттер өз командаларын таныстырудан бастады. Келесі кезеңде әр түрлі әдістер арқылы ботаникадан білімдерін анықтауға бағытталған тапсырмаларды орындады. Сергіту кезеңінде әр түрлі ойындар (Шымылдық, Кім тапқыр) ойнатылып отырды.

Сайыстың қорытындысы бойынша студенттерге 1,2,3 дәрежелі дипломдар тапсырылды.

1 орынды «Флора Феникс» тобы иеленсе, 2 орын «Флорархия»,  3 орын «Биомания» тобына берілді.

Сайыс білім мен шығармашылықтың, ынта мен ізденістің ұштасқан алаңы болды. Қатысушылар өсімдіктер әлемінің біршама қыр-сырын игеріп, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен құрметтерін көрсете білді.

...
«Психология апталығы» құрметіне арналған мерекелік концерт
2024 ж. 27 жел., жм, 04:36

2024 жылғы 4 желтоқсанда университетіміздің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінде «Психология апталығының» салтанатты ашылуы өтті. Бұл іс-шараны «Психология» білім беру бағдарламасының студенттері, Нұршат Жұматқызы Жұматова жетекшілігімен ұйымдастырды. Бұл оқиға шын мәнінде шығармашылық, ғылым және бірліктің мерекесіне айналып, барлық қатысушыларға жарқын әсерлер сыйлады.

 

Іс-шараның басталуы жаңа «Психологиялық зертхананың» ашылуымен белгіленді. Символикалық рәсімді Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Ыбырай Саят Баймұратұлы жүргізіп, зертхана ғылыми зерттеулер мен білім беру жобалары үшін маңызды алаң болатынын атап өтті.

Келесі кезеңде мерекелік концерт өтті, онда студенттер өздерінің дарындарын көрсетті. Бағдарламада:

• Ұлттық қазақ билері мен заманауи хореографиялық нөмірлерді қамтитын би қойылымдары;

• Гитарамен орындалған әндерден вокалды дуэттер мен аспаптық композицияларға дейінгі музыкалық орындаулар;

• Әртүрлі курс студенттерін шығармашылық қойылымдарда біріктірген жарқын флешмобтар болды.

Әрбір қойылым қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындықтары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Концерт олардың көпқырлы таланттарының жарқын көрінісіне айналып, көрермендерге жылы атмосфера мен шабыт сыйлады.

 

Іс-шараны жүргізушілер Темірлан Сванкулов пен Бөребаева Назерке кәсіби түрде ұйымдастырып, мерекелік және шабыттандыратын атмосфераны жасады. Концертті аяқтай отырып, Темірлан қонақтар мен «Психология» білім беру бағдарламасының профессорлық-оқытушылық құрамын сөз сөйлеуге шақырды. Өз сөздерінде қонақтар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, студенттердің дарынды өнер көрсеткенін және осындай бастамалардың университеттің дамуы мен психология ғылымын насихаттау үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұл жылы сөздер бай және шабыттандыратын күннің соңғы аккордына айналып, барлық қатысушыларға оң эмоциялар сыйлап, «Психология апталығының» жарқын бастамасына айналды.

Бұл керемет іс-шараны ұйымдастырған және қатысқан студенттерге алғысымызды білдіреміз! Апта бойы өткен мастер-класстар, лекциялар және ғылыми кездесулер студенттер мен оқытушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Іс-шаралар білімдерін кеңейтіп, тәжірибемен бөлісуге және университетаралық қауымдастықтағы өзара іс-қимылды нығайтуға көмектесті.

...
AIU-де Диана Алпысбаеваның қонақ дәрісі: Халықаралық ұйымдардағы жұмыс тәжірибесі
2024 ж. 26 жел., бс, 14:05

2024 жылдың 26 желтоқсанында Astana International University (AIU) қабырғасында Женевадағы (Швейцария) Гуманитарлық диалог орталығының жоба офицері Диана Алпысбаеваның шабыттандыратын қонақ дәрісі өтті. Бұл дәріс AIU-дің Дизайн және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі студенттері, AIU Дипломатиялық клубының мүшелері және Maqsut Narikbayev University (MNU) студенттері үшін ұйымдастырылды.

Диана Алпыспаева халықаралық ұйымдардағы, атап айтқанда ЕҚЫҰ және БҰҰ-дағы жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, гуманитарлық сала мен дипломатиядағы кәсіби қызметтің шынайылығын айтып берді. Ол өзінің мансабындағы маңызды аспектілерді кеңінен баяндап, жас мамандарға практикалық кеңестер берді және халықаралық мансап құруға қызығушылық танытқан студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді.

Әсіресе, көпұлтты командалардағы тиімді қарым-қатынас пен келіссөздер жүргізу тақырыбына және қазіргі әлемдегі гуманитарлық бастамалардың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Лекция қатысушылары халықаралық деңгейдегі кәсіби маманнан алған ақпараттың өзектілігі мен практикалық құндылығын атап өтті.

Astana International University Диана Алпыспаеваға сапары мен студенттерге шабыт сыйлағаны үшін алғыс білдіреді! Бұл кездесу олардың кәсіби құзыреттілігін дамыту жолындағы маңызды қадам болғанына сенімдіміз.

AIU жаңалықтарын бақылап, осындай іс-шараларға қатысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!

...
AIU оқытушылары «Болашақ» стипендиясының иегері атанды
2024 ж. 26 жел., бс, 13:44

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия 2024 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерінің тізімін бекітті. Бұл беделді тізімге 271 қазақстандық енді, олардың ішінде 136-сы магистратурада оқитын болады, 8-і докторантурада білім алады, ал 127-і әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
Мақтанышпен хабарлаймыз, «Болашақ» стипендиясының иегерлері қатарына Astana International University оқытушылары да кірді:
• Абеуова Салтанат Булатовна – Жаратылыстану жоғары мектебінің оқытушысы.
• Ибраева Айгерім Ерғалиевна – Ақпараттық технологиялар және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушысы.
«Болашақ» стипендиясын алу біздің оқытушыларымызға кәсіби және ғылыми дамуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Олар өз білімдерін тереңдетіп, әлемдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, алған құзыреттерін университеттегі білім беру процесін жетілдіру үшін қолдана алады.
«Болашақ» стипендиясы Қазақстанның бәсекеге қабілетті кадрларын даярлаудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Astana International University өз оқытушыларын мақтан тұтады және оларға шетелде табысты оқу, жемісті жұмыс пен жаңа жетістіктер тілейді, олар Қазақстанның ғылымы мен біліміне үлес қосатын болады! 🌍🎓
Стипендия иегерлерінің толық тізімі bolashak.gov.kz ресми сайтында жарияланған.