2026 ж. 5 қаң., дс, 10:30
Хайнань аралында Қытайдың жетекші жоғары
оқу орындарының бірі - Бейжің тіл және мәдениет университетінде (BLCU) өткен
BLCU Kazakhstan филиалы студенттерінің тілдік тағылымдамасы өз мәресіне жетті.
Бағдарламаға 50 студент қатысып, бұл екі апта олардың білім жолындағы мазмұнды,
әсерлі және аса маңызды кезеңге айналды.
Тағылымдама 2025 жылғы 15-29 желтоқсан
аралығында өтті және қытай тілін оқытудың әлемдегі ең беделді орталықтарының
біріндегі шынайы академиялық ортаға енуге бірегей мүмкіндік берді. Айта кету
керек, дәл осы университетте 1983-1984 жылдары Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім алған, бұл тағылымдаманың тарихи маңызын
және символдық мәнін арттыра түседі.
Екі апта бойы студенттер BLCU
университетінде шетелдік студенттерге қолданылатын қытай тілін оқыту әдістемесі
бойынша білім алды. Қысқа әрі қарқынды кезең ішінде қатысушылар қытай тілін
меңгеру деңгейін айтарлықтай арттырып, сөздік қорын кеңейтті және ауызша сөйлеу
дағдыларын жақсартты.
Оқу сабақтарымен қатар бағдарлама мазмұнды
мәдени және тәжірибелік іс-шараларды қамтыды. Студенттер қытай каллиграфиясы
мен тайцзицюань (қозғалыс, тыныс алу жаттығулары мен үйлесім философиясын
біріктіретін дәстүрлі қытай жауынгерлік өнері) бойынша шеберлік сабақтарына
қатысты. Сонымен қатар олар Қытайдың тарихы мен дәстүрлерімен танысып, Хайнань
аралы мен Санья қаласының көрнекті орындарын аралады, ли мен мяо ұлттарының ауылдарында
болып, «Бұғы басын бұрған» саябағын және «Романтик» атты ең ірі тақырыптық паркті
тамашалады.
Бұл тағылымдама студенттер үшін тек білім
алу үдерісі ғана емес, сонымен қатар мәдени, өркениетаралық және тұлғалық даму
тәжірибесіне айналды. Ол қытай мәдениетін тереңірек түсінуге, дүниетанымды
кеңейтуге, халықаралық тәжірибе жинақтауға және жаңа таныстықтар орнатуға
мүмкіндік берді.
Бағдарлама аяқталған соң барлық
қатысушыларға Бейжің тіл және мәдениет университетінде тілдік тағылымдамадан
өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
Хайнаньдағы
бұл екі апта студенттік өмірдің жарқын беттерінің біріне айналып, құнды білім,
шабыт пен алдағы жетістіктерге деген ынта сыйлады.